№60 «Ертөстік» бөбекжай

Ақтау қ. мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны

Жаңалықтар

20.03.2026ж. Наурыз – жаңару мен жақсылықтың бастауы, әр шаңыраққа береке әкелсін!

 

    04.03.2026ж. №3 “Ақбота” тобының тәрбиеленушілері ардақты аналарға арнап мерекелік ертеңгілік ұйымдастырды. Ертеңгілік барысында балалар өз өнерлерін көрсетіп, тақпақ айтып, ән шырқап, би билеп, аналарға деген ыстық ықыластары мен шексіз махаббаттарын білдірді. Бүлдіршіндердің әрбір сөзі мен өнері аналардың жүрегіне қуаныш сыйлап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ана – өмірдің шуағы, мейірімнің бастауы. Барша аналарды мерекемен құттықтаймыз!

 

1 наурыз – Алғыс айту күніне орай тәрбиеленушілеріміз бөбекжай ұжымына өз алғыстарын білдіреді. Балалардың шат күлкісі мен жарқын болашағы жолындағы еңбектеріңіз үшін рахмет! Ізгілік пен мейірім әрдайым серіктеріңіз болсын!

 

 

Құрметті бөбекжай ұжымы!

 № 9 «Қарлығаш» мад тобының бүлдіршіндерінің атынан сіздерді 1-наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймыз! 💐

 Сіздер бізге күн сайын мейірім сыйлап, жылы сөз айтып, ақыл-кеңес беріп, қамқорлық танытасыздар.

Сіздердің еңбектеріңіз – біздің шат күлкіміз бен бақытты балалық шағымыздың негізі.

 Бөбекжайдың меңгерушісіне,тәрбиешілерімізге, әдіскерлерімізге, аспаз апайларға, медбикелерге және барлық қызметкерлерге алғыс айтамыз!

Сіздердің мейірімді жүректеріңіз бен сабырлы еңбектеріңіз үшін рахмет!

 

1- наурыз Алғыс айту күні мерекесіне орай ата- аналарымыз жүрек жарды тілектерін жолдап, бөбекжай ұжымына жылы лебіздерін білдірді.   Балаларымыздың жарқын болашағы жолында бірге еңбек етіп жүрген  ата- аналарымызға шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Балдәурен кіші тобының Әже - аналарынан.

 

 

Құрметті аналар! 🌸

 Сіздерді көктемнің шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Сіздер – отбасының берекесі, шаңырақтың шуағы, мейірім мен махаббаттың сарқылмас бұлағысыздар.

 Әр күніңіз қуаныш пен шаттыққа толы болсын!

Дендеріңізге саулық, жүректеріңізге жылылық, шаңырақтарыңызға амандық тілейміз.

Балаларыңыздың шат күлкісі – өмірлеріңіздің мәні, еңбектеріңіздің жемісі болсын!

 Көктемдей құлпырып, әрдайым бақыт құшағында жүре беріңіздер! 🌷

 

 

26.02.2026ж. оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында еліміздің білім беру саласын дамытудың іргелі стратегиялық басымдықтары мен 2025 жылдың жетістіктері сараланды. Осы мақсатта инфрақұрылымды түбегейлі жаңғырту және оқыту стандарттарын жаңа деңгейге көтеру бағытындағы жүйелі реформалар іске асырылуда.

2025 жыл отандық білім саласы үшін «жеңістер жылы» ретінде тарихқа енді. Халықаралық аренада 1 720 оқушы бақ сынап, ел қоржынына 1 006 медаль салды. Әсіресе, робототехника, химия және физика пәндерінен қазақстандық оқушылар әлемдік деңгейде көш бастап, абсолютті чемпион атанды. Мемлекет басшысының бастамасымен биыл олимпиада жеңімпаздары мен олардың тәлімгерлеріне 100 миллион теңгеден астам сыйақы берілді, енді халықаралық ғылыми байқаулардың жүлдегерлеріне де мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады.

Мектеп инфрақұрылымын дамытуда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы шешуші рөл атқарды. Жоба аясында 460 мың орынға арналған 217 жаңа мектеп бой көтеріп, олардың техникалық жабдықталу сапасы жоғарылады. STEM-зертханалармен және инновациялық кабинеттермен жабдықталған бұл нысандардың арқасында 43 үш ауысымды және 8 апаттық мектептің мәселесі біржола шешілді. Сонымен қатар, жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен еліміздің демографиялық өсімі жоғары өңірлерінде 77 жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім алшақтығын жою -мемлекеттік саясаттың өзегіне айналды. Биылғы реновация бағдарламасы бойынша 245 мектеп жаңартылса, оның басым бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан. «Келешек мектептері» жобасының 84-і және күрделі жөндеуден өтетін 1300 мектептің 820-сы ауыл балаларына арналған. Бұл қадамдар шалғай елді мекендердегі білім сапасын арттырып, кадрлық және қауіпсіздік мәселелерін жүйелі шешуге мүмкіндік береді.

2020 жылдан бері 1,1 млн оқушыға арналған 1242 жаңа мектеп салынып, үш ауысымды мектептер санын 4 есеге қысқарды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл инвестициялар -елдің адами капиталын нығайту мен жарқын болашаққа құйылған инвестиция болып табылады.

 

     Бөбекжайдың жылдық жоспарына сәйкес жас мамандармен әдістемелік шара өткізілді. Іс-шараның тақырыбы – «Ұйқыдан кейінгі жаттығуларды ұйымдастыру әдістемесі».

     Шараның мақсаты – тәрбиеленушілердің денсаулығын нығайтуға бағытталған ұйқыдан кейінгі сергіту жаттығуларын тиімді ұйымдастыру жолдарын түсіндіру, жас мамандардың әдістемелік құзыреттілігін арттыру.

 Іс-шара барысында ұйқыдан кейінгі жаттығулардың физиологиялық және педагогикалық маңызы кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, баланың ұйқыдан кейінгі ағзасын біртіндеп ояту, қан айналымын белсендіру, көңіл-күйін көтеру және келесі ұйымдастырылған іс-әрекетке дайындау мәселелері қарастырылды.

 Жас мамандарға жаттығуларды ұйымдастырудың келесі әдістемелік талаптары ұсынылды:

  • жаттығулардың ұзақтығын жас ерекшелігіне сай жоспарлау;
  • қимыл-қозғалыстың бірізділігі мен қауіпсіздігін сақтау;
  • тыныс алу жаттығуларын енгізу;
  • ұлттық қимылды ойын элементтерін кіріктіру;
  • музыкалық сүйемелдеуді тиімді пайдалану.

 Практикалық бөлімде сергіту жаттығуларының үлгісі көрсетіліп, қимыл-қозғалыс кешені тәжірибе жүзінде орындалды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, тиімді әдіс-тәсілдермен бөлісті.

 

Консультативтік пункт жоспарына сәйкес ата-аналармен кезекті жұмыс өткізілді. Кеңестің тақырыбы – «Бала өз үйінде не көрсе, соны ұғады».

     Іс-шараның мақсаты – отбасы тәрбиесінің маңызын түсіндіру, бала тұлғасының қалыптасуында ата-ананың жеке үлгісінің шешуші рөл атқаратынын ұғындыру.

     Кеңес барысында бала мінез-құлқының қалыптасуына отбасындағы қарым-қатынас мәдениетінің, үлкендердің сөйлеу мәнерінің, іс-әрекетінің әсері жан-жақты талқыланды. Ата-аналарға бала тәрбиесінде сөзден гөрі іс-әрекеттің ықпалы зор екендігі түсіндірілді. Сонымен қатар, үй жағдайында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру, ұлттық және адамгершілік құндылықтарды дәріптеу жолдары ұсынылды.

     Кездесу барысында ата-аналар өз ойларымен бөлісіп, тәжірибе алмасты. Практикалық ұсыныстар беріліп, сұрақ-жауап ұйымдастырылды.

 

    26.02.2026ж. бөбекжайда дене тәрбиесі мамандарының күнделікті ұйымдастырылған іс-әрекеті жоспарға сәйкес жүйелі түрде өткізілуде. Негізгі мақсат – тәрбиеленушілердің денсаулығын нығайту, қимыл-қозғалыс белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтына қызығушылығын қалыптастыру.Күнделікті ҰІӘ барысында жалпы дамыту жаттығулары, негізгі қимыл-қозғалыс түрлері (жүру, жүгіру, секіру, лақтыру, өрмелеу), қимылды ойындар және тыныс алу жаттығулары қамтылды. Әр ұйымдастырылған іс-әрекетті көңілді ойын элементтері енгізіліп, тәрбиеленушілердің қызығушылығы мен белсенділігі арттырылды.ҰіӘ-барысында тәрбиеленушілердің ептілігі, икемділігі, төзімділігі мен үйлесімді қимыл-қозғалысы дамытылды. Сонымен қатар, тәртіп сақтау, бірлесе әрекет ету, достық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға баса назар аударылды.Қорытындылай келе, дене тәрбиесі маманының күнделікті ҰІӘ-і тәрбиеленушілердің денсаулығын нығайтуға, қозғалыс дағдыларын жетілдіруге және жағымды эмоционалдық орта қалыптастыруға бағытталған тиімді жұмыс болып табылады.Дене тәрбиесі нұсқаушысы: Қалдыбаева Ақбаян ҚалдыбайқызыТоп: №11 «Ақмаржан» ересек тобы.